Соңғы уақыттарда «Солтүстіккореялық Солженицын» (북한의 솔제니친), «Панди» (반디) бүркеншік есімімен танымал жазушының «Айыптау» (고발) атты әңгімелер жинағы Франция және ағылшын тілді елдерде жоғары бағалануда. Алайда шетелдерде ыстық ықыласқа ие болған әдеби туындыға Оңтүстік Кореяда назар аударғандар жоқтың-қасы. Біздің өмірлік көзқарасымызды өзге арнаған бұрған не нәрсе?
«Солтүстік Кореялық Солженицын»
2013 жылы Пандидің туыс қарындасы солтүстіктен қашып шығып, оңтүстіктің астанасына аман-есен жетіп орналасады. Бірнеше ай өткен соң, До Хи Юн есімді «солтүстіккореялықтардың құқықтарын қорғау ұйымының» жетекшісіне ағасының жазған қолжазбасы туралы айтады. До Хи Юн Қытайға баратын танысы арқылы Пандиге «қолжазбаны беріп жібер» деп хат жолдайды. Панди бұл хатты алған соң, бұрыннан құпия сақтап келген қолжазбаларды жасырулы жерден шығарып, оларды Солтүстік Кореяның үгіт-насихат кітаптары – «Ким Ир Сеннің таңдамалы шығармалары», «Ким Чен Ирдің еңбектері» сынды жинақтармен бірге орап, салып жібереді.
Жазушы шығарманың атауын өз қолымен «Айыптау» деп жазып, өзіне «Панди» деген бүркеншік есім қояды. Бірқатар қиындықтан кейін До Хи Юн 2014 жылдың мамыр айында бұл сирек шығармалар жинағын ресми түрде жариялады. Жинаққа енген жеті қысқа әңгіме Солтүстік Кореяның саяси режиміндегі қарапайым адамдардың өмірін шынайы суреттейді. Әр әңгіме әртүрлі оқиғаларды қамтығанымен, барлығын біріктіретін ортақ тақырып – Ким Ир Сен дәуірін сынау.
Оңтүстік Кореяның өзінде бұл кітапқа қызығушылық аз болды. Көпшілік жазушының әлі де Солтүстікте өмір сүріп жатқанына және қолжазбаның елден қалай шығарылғанына көбірек мән беріп, шығарманың мазмұны мен көркемдік құнын елемей қойды. Кейбіреулер, тіпті, Пандидің өмірде бар шынайы жазушы екеніне күмәнмен қарады.
Әлем неліктен Пандидің «Айыптау» шығармасына назар аударды?
Пандидің шығармашылық жолы орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Александр Солженицынның тағдырымен үндес. Қос жазушы да өз елінің саяси жүйесіне қарсы шығып, шығармаларын ел ішінде жариялай алмай, шетелге жасырын жеткізді. Солженицынның «Иван Денисовичтің бір күні», «Архипелаг ГУЛАГ» сияқты шығармалары Сталин дәуірінің зұлматын әшкерелеп, кеңес әдебиетінің диссидентті тұрғыдан шетелде мойындалуына тағы бір себеп болған еді. Сол секілді Солтүстік Кореяның саяси жүйесіне қарсы бағытталған әдебиетіне халықаралық қызығушылық та дәл осы Пандидің «Айыптау» жинағынан кейін басталды деуге толықтай негіз бар.
2016 жылы кітаптың француз тіліндегі нұсқасы жарық көрген соң, шетелдік оқырман арасында үлкен резонанс тудырды. Француз қоғамтанушысы және КХДР халқының құқық қорғаушысы Пьер Ригулло жинаққа алғысөз жазып, Пандиді «Солтүстік Кореяның Солженицыны» деп атады. Осыдан кейін шетелдік басылымдар бұл атауды жаппай қолдана бастады. Ригулло өзінің алғысөзінде «Кішкентай ғана жарықшам, алайда арманы асқақ» деп атап көрсетіп, Пандидің шығармашылығын жарыққа бастар үміттің символы ретінде жоғары бағалады.
«Айыптау» – әлем назарындағы Солтүстік Кореяның дауысы
Пандидің әңгімелер жинағы 2017 жылдың көктемінде-ақ, АҚШ пен Ұлыбритания, Италия, Жапония, Канада, Германия, Швеция, Португалия сынды 21 елде 19 тілге аударылып жарық көрді. Ағылшын тіліндегі аударманы Халықаралық Букер сыйлығының лауреаты, жазушы Хан Гаңның «Вегетариан» романын тәржімалаған Дебора Смит жасады.
Ағылшын тіліндегі нұсқа британдық ПЕН-клуб ұйымының 2016 жылғы үздік аударма сыйлығын жеңіп алды. Тіпті, Нью-Йорк қаласындағы корей диаспорасы арасында Пандиді әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастама көтерілді. Британдық күнделікті басылым The Guardian газеті: «Солтүстік Кореяда өмір сүріп жатқан беймәлім жазушының диссиденттік шығармалары – диктатуралық қоғамнан шыққан сирек құбылыс. Ол әлемдік әдебиетте үлкен серпіліс тудырады», – деген пікірін білдірді.
Батыс әлеміндегі қызу ықыласқа ілесе Кореяда да аталмыш туындыға деген жаңа қызығушылық пайда болды. Шығарма жарық көргеннен кейін үш жыл өткен соң, жаңа баспада, жаңа мұқабамен және автордың түпнұсқа қолжазбасына барынша жақын нұсқада қайта басылды. Жаңа басылымды жасаған Dasan Books баспасы: «Үш жыл бұрынғы басылыммен салыстырғанда оқырман бұл жолы мүлде басқа әсер алады. Кітаптың әдеби және нарықтық әлеуеті жеткілікті болатынына сеніміміз мол», – деп атап көрсетті.
«Кореана» журналы, 2017 жыл, жаз.
Журналист, Корё университетінің медиа факультетінің шақырылған профессоры Ким Хак Сунның мақаласынан үзінді
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ

