Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында біз қазақ поэзиясының лирик ақыны, аудармашы, журналист, қазақ және орыс тілімен қатар әдебиет пәнінен сабақ берген мұғалім Мағжан Жұмабайұлын (1893-1938) еске алғымыз келеді. Оның есімін өшіруге тырысып, шығармаларының басым бөлігі жойылды. Алайда ақынның кейбір туындыларын замандастары сақтап қалып, қайта таратып, халық жадында сақталуына себеп болды.
Қаламгер небәрі 19 жасында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағын шығарады. Өз заманындағы білімді жастардың басын қосқан «Садақ», «Балапан» журналдарын шығаруға ат салысады. Алашорда, кейіннен Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында педагогика, бастауыш мектептер жайында оқулықтар жазады. 1922 жылдардағы ашаршылық кезінде халықтан жылу жинап, өңірдегі халықты аман алып қалуға көмектеседі.
Бір бойына осыншама қасиет жинаған Мағжанның ақындығымен қатар сазгерлігі болған. Ел арасында Шәмші әуенімен танымал «Бәрінен де сен сұлу» әнін Мағжанның «Сен сұлу» өлеңінің сөзінен лайықтап өзгерткенін автор Мақсұтбек Майшекин өзінің естеліктерінде анық жазып қалдырған. 1990 жылдарға дейін Мағжанның есімін атау қауіпті заманда бірнеше әннің шынайы авторы ұмытылды. Бүгінге дейін халық әні саналып келген «Ақсұңқар құс» та Мағжанның өз әні деп айтылып келеді. Ол жайында дәстүрлі әнші Жәнібек Кәрменовтың құрастыруымен жарық көрген «Қазақ әндерінің антологиясы» атты 1991 жылғы жинақтың алғы сөзінде айтылады.
Ақсұңқар құс ұшар болды ұядан,
Кетті өліп бір қаршыға қиядан.
Кетерімді өзің мақұл көр десем,
«Өтті ғой», – деп айтарсың сен дүниядан.
Сұңқар символының қазақ халқы үшін өте бағалы екендігін «Ақсұңқар құс» атты бірнеше халық әні мен күйлерге тақырып болғанынан білуімізге болады. Себебі сұңқар – батылдық пен жылдамдықтың үлгісі, ежелгі халықтар оны тотемдік бейнеде құдай бейнесіне қойып құрмет тұтқан. Мағжан өлеңіндегі сұңқар атауы тек құсқа байланысты емес, өмірдің қысқа екендігіне, өзінің сүйген адамына деген шынайы көңілін сипаттайды.
Хатыңды алсам, қырық бүктелген тұмардай,
Қуанышпен оқыр едім көңіл жай.
«Сүйем», – деген жалғыз ауыз сөзіңді,
Көкірегімде сақтар едім құрандай.
Бұл өлеңнің Мағжанға тиесілі екендігін аманатпен таралғандығынан бөлек, ақынның өзіне тән поэтикалық стилінен тануға болады. «Ақсұңқар құс» әнінің соңғы жолында кездесетін «сүйем» және «құрандай» сөздері ақын шығармашылығында жиі кездесетін сөздер. Мағжанның «Сүйемін» атты өлеңінде «қарт анамды, жан жарымды, туған елімді, Сарыарқамды сүйемін» дейді. Өзінің сүйіктісін сипаттаған тұсында «сөзі де жоқ құрандай», бірақ «неге екенін білмеймін, сол жарымды сүйемін» дегенді айтады. Бұл – Мағжанға ғана тән, нағызға сезімге толы сөз бен сенімге құрылған қасиетті сөзді әдеби тұрғыдан өте шебер ұштастыра білу өнері.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИТЕГІ

