Неге екені белгісіз наурыз айы болса, жүрегіме бір жылулық орнайды. Қыстан шығып, күннің жылынып, құстар сайрайтын көтеріңкі көңіл күйден ғана емес, осы айда тойланатын мейрамдардан секілді. Бәрімізге белгілі наурыз айының және көктемнің алғашқы күнінің өзі мерекемен басталады.
Алғыс айту күні, арқа-жарқа болып тойлайтын мерекеге қарағанда осы күні сенің қасыңнан табылып, қолдау көрсетіп жүргеніне іштей риза болатын адамдарға ішкі сырыңды айтып алғысыңды білдіретін күн секілді. Бала кезімде аса қатты мән бермейтін бұл мейрамның сырын мен үшін анам ашқан болатын. Мені мектепке алып бара жатқан жолда алғыс айту күнін есіне алып, анасына қоңырау шалып, бір-біріне алғыс айтқан анам мен әжемнің бейнесі әлі күні есімде. Сол сәттен кейін, мен де осы күні жанымда жүрген адамдарға бір ауыз ыстық лебізімді айтып, оладың көңілін көтеруге тырысатын әдет алдым десе де болады.
Осы мейрамнан кейін арасын көп ұзатпай, тек Қазақстанда емес бүкіл әлем бойынша тойланатын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні басталады. Әйелдер қауымының мүшесі ретінде бұл мейрамның орны мен үшін бөлек. Себебі, сыныптастарымның, әкемнің беретін сыйлықтарын күтетінмін. Әкемнің анам, мен, сіңілім үшін жыл сайын жасайтын сыйлықтары ерекше сезім қалдыратын. Есімде қалғаны әкем бір жылы мен жақсы көретін иіссу сыйлаған болатын. Сол күні қатты қуанғаным есімде. Әлі күнге дейін біздің көңілімізді көтеру үшін тырысатын әкеме алғысым шексіз.
Келесі, шаттық сыйлап, үлкен-кішінің басын қосатын мейрам ол – Көрісу күні. Қазақстанның кейбір жерлерінде елеусіз қалғанымен, батыс Қазақстанда міндетті түрде тойланатын бұл мереке 14 наурыз күні тойланады. Әуелде бұл мейрамның мақсаты қыс мезгілдері сұрапыл замандарда жұттан «аман-есен шықтың ба?», «мал-жан аман ба?», – деп хал-жағдай білудің жоралғысы болған. Қазір үлкендерге сәлем беріп, хал-жағдайын біліп, төс қағысып, қол алысып, «бір жасыңмен!», – деп арқа-жарқа болып тойланатын мереке. Біздің шақарда, бұл күні таныс-туыстың үйін аралап, кәрі-жаспен қол алысып «бір жасыңызбен!», – деп айту міндетті. Әйтпесе, үлкендердің сынына қаласың.
Одан әрі жалғасатын наурыздың ең үлкен мерекесі – Наурыз мейрамы. Бұл мереке Қазақстанның кез келген өңірінде тойланатыны сөзсіз. Ұлттық киімдерін, кимешек, кәзекейлерін киіп, қыздар шаштарына шашбау, шолпыларын тағып орталық алаңда бәрі бірге қазақтың ұлттық үйі киіз үй құрып үлкен ауқымда тойланатын мереке. Бұл күні қазақтың ұлттық ойынынан бастап тағамдары, киімдері, үй, дәстүр-салттарының бәрімен де танысса болады. Менің әлі күнге дейін осы мейрам туралы есіме түсетіні, орталық алаңда бәріміз бірге неше-түрлі ойындарға қатысып, дәмді наурызкөже мен бауырсаққа жүгіріп-жүгіріп ойнап, тоятынымыз. Бір жылы ойындардың ішінде ағам қой көтеру сайысына қатысып, сол қойды ұтып алғаны. Ойынның шарты: қойды көтеріп, кім көбірек отырып тұра алса, сол адам қойды ұтып ала алады. Сол секілді алуан-түрлі ойындар мен дәмді тағам, адамдардың басын біріктіретін бұл мереке кез-келген адамға ыстық деп ойлаймын. Күн мен түн теңесіп, бірлік пен ынтымақтастықтың негізін нығайтатын Наурыз айы – жылулық айы.
Акерке СМАЙЛОВА,
SDU студентi

