17 тамыз – жазушы, аудармашы, драматург Хан Диннің туғанына 89 жыл толуына орай қаламгердің ой-толғамдары орыс тілінен арнайы қазақ тіліне аударылып отыр. Өз заманының кемеңгер тұлғасы Хан Дэ Ённің ұлттың келешегіне қатысты айтқан сөздері бүгін де өзекті, бірақ кешегі күнге қарағанда біраз шешімін тауып келеді. Бүгінгі ұрпақ өткеннің сөзін көңілге тоқығанда ғана алдыға қадам баспақ.
Біздің аталарымыз тауды, өзенді жырға қосқанды жақсы көреді. Корей жеріндегідей тау мен өзен Қиыр Шығыста да жеткілікті. Сол үшін де бүгінгі қаламгерлер осыған баса назар аударатын болар. Алатау, Медеу, Сырдария, Қаратал жайлы жырлар... Бірақ жайқалған жасыл жайлау, жазиралы кең дала жайында жазғандар бірең-сараң. Мүмкін, корейлер ондай жерлерде сирек мекендейтін шығар.
Отан – бұл сенің кіндік қаның тамған жер, алғаш досыңмен танысқан жер, алғаш махаббатыңды жолықтырған жер, ата-бабаң мәңгілікке тыныш тапқан киелі жер. Қазақстандық корейлер екіге бөлінеді: ескі буын үшін – Қиыр Шығыс атамекен саналса, жас буынның Отаны – Қазақстан. Алайда қос буын үшін де – Қазақстан – уақытша тіршілік ету ортасы емес.
Корейлер Қазақстанда 50 жылдан бері тұрып келеді. Бұл да – бір тарих. Бір жас жігіт менен: «қалайша корейлер Қиыр Шығысқа, ал Қиыр Шығыстан Қазақстанға тап болды?» деп сұраған болатын. Әр заманның көзкөргендері болады. Егер сол дәуірлер жайында жазылған очерктер мен әңгімелер жинағын шығарған болса, тек қана корейлердің естелігінен емес, қазақ, орыс сынды түрлі ұлт өкілдерінің... Әйтпегенде кейінгі ұрпақ Қазақстанға қалай тап болғанын, қалай қазақстандық болғанын білмей күн кешеді.
Сирек болса да, бүгінде корей өлеңдері қазақ тіліне аударылуда. Бірақ кері байланыс ретінде қазақ немесе орыс әдеби шығармалары корей тіліне аударылған жоқ. Қазіргі қазақ жазушылары, тіпті Кореяда да корей тіліне аударылмады. Кез келген достық араласудан басталады. Ал әдеби араластық дегеніміз – көркем аударма.
Билингвизм және өзге тілдегі шығармашылық – сирек әрі прогрессивті құбылыс, ауқымды масштабтағы эрудиция мен шексіз таланттың көрінісі. Болашақта корей билингвист жазушылары азайып, орыс тілін жетік меңгерген бірнеше корей жазушылары пайда болары сөзсіз. Дәл қазіргі корей тілінің жағдайына қарап жақын арада Анатолий Ким секілді орыс тілінде де, корей тілінде де сауатты әрі көркем жаза алатын жазушылар шығуы екіталай деп топшылаймыз. Себеп біреу. Еш жерде корей балаларын корей тілінде оқытпайды.
Қазір көпұлтты кеңес әдебиеті 78 тілде жарыққа шығады. Болашақта бұл тізімнің бір тілге қысқару қаупі бар. Басты мәселе – кеңестік корейлердің көбісінің өз ана тілін ұмытуында және әлі де ұмытылуында. Бұлай жалғаса берсе, келешекте корей тілінде көркем әдебиет жазбақ түгілі, оны оқитын адам қалмайды, корей тілінде спектакль қоймақ түгілі, оны көретін адам қалмайды. Заңды түрде туындайтын сұрақ: корей тілі қайта жандана ма, жоқ па?
Олжас Сүлейменов айтқандай, «жауынгер елдің шекарасын қорғайды, ал жазушы шындықтың шекарасын өтіріктен, ізгіліктің шекарасын зұлымдықтан қорғайды».
Осы бізге шындық пен өтіріктің шекарасына өзімізді қояр сәт келмеді ме? Біз осы шындықты жазып жүрміз бе? Жартылай шындық жазып жүрген жоқпыз ба? Жарты шындық – өтіріктен де ауыр деген сөз бар.
Біз мәдени ескерткішкіштерді қорғаймыз. Олардың сақталуына, қайта қалпына келуіне қыруар қаражат жұмсаймыз. Ұлттың тілі – әрдайым қамқорлыққа мұқтаж үлкен мәдени ескерткіш! Шыңғыс Айматов бір сөзінде «Ұлттың өмір сүруі – оның тілінде» деген болатын.
Сол себепті өткен заманның ескерткішін жаңғырта бергеннен гөрі бүгін қолда бар ескерткіштен айырылып қалмай, мән бергеніміз жөн болар. Корей тілін қайта жаңғырту керек. Ол үшін корей балаларын корей тілінде сөйлеуге үйретуіміз қажет.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ

