Пак Мок Уоль (1915–1978) – ақын, профессор. Шын есімі – Ёң Чжоң. Әкесі Кёңжудегі мемлекеттік мекемелерде лауазымды қызмет атқарған. 1941 жылы Жапон империясы корей газет-журналдарына тыйым салып, жаппай тоқырау басталады. Бірақ ақын жүрегі амалын тауып, кеудедегі зарлы үнді ақ қағаз бен қара сияға серік етті. 1959 жылдан өмірінің соңына дейін Ханяң университетінің тіл және әдебиет факультетінде профессор, декан лауазымымен қатар ұстаздық міндетті де атқарды.
Пак Мок Уоль – Жолаушы
Өзеннің өткелінен тіліп өтіп,
Егіннің алқабынан барады асып.
Бұлт үстінде қалқыған Ай секілді,
Келеді, әне, жолаушы қадам басып.
Алда ұзақ шұбатылған жол белес,
Оңтүстікке дейін әлі үш жүз ли.
Көз алдымда шарапшы ауыл болып елес,
Күн батады көкжиекпен араласып.
Бұлт үстінде қалқыған Ай секілді,
Келеді әне, жолаушы қадам басып.
박목월 – 나그네
강나루 건너서
밀밭 길을
구름에 달 가듯이
가는 나그네
길은 외줄기
삼백리
술 익는 마을마다
타는 저녁놀
구름에 달 가듯이
가는 나그네
Рубрика авторы және корей тілінен аударған Талғат ШАЙХЫҒАЛИ