И Саң (1910–1937) – заманауи корей әдебиетінің ең маңызды қаламгерлерінің бірі. Шын есімі – Ким Хэ Гёң. Отаршыл империя келгенге дейін Сеулдегі ауқатты әулеттердің бірінде дүниеге келген. Үш баланың үлкені, кейіннен перзентке зарыққан әкесінің ағасы оны өзінің бауырына салады. Бала күнінен суретші болуды армандап, архитектор мамандығына оқуға түседі. 1929 жылы желтоқсан айында Чосон архитекторлар қоғамына мүшелікке өтеді. Корей генерал-губернаторлығы архитекторларының басым көбі жапондықтар болғанына қарамастан, 19 жасар И Саң өзінің қабілеттілігімен көзге түсе бастайды. Алғашқы күндерден-ақ жарыстардан жүлделі болып, «Чосон және архитектура» журналының бас мұқабасына арналған сайыста 1-ші және 3-ші орынды жеңіп алады. 20 жасында алғашқы әңгіме, кейіннен өлеңдер жинағын шығарып, халықтың наразылығын астарлы түрде шығармашылығында қолдана білді. Денсаулығына байланысты 1933 жылы мемлекеттік жұмыстан шығып, өзіне жайлы кофехана ашады. Ол жерде таза шығармашылық тұлғалармен, жазушылармен, суретшілермен сыр шертісетін мәдени орта құрады. 1934 жылдан әдеби ұйымдарға да мүше болады. 1936 жылы жарық көрген «Құсқанаты» повесі – адамның ішкі еркіндігі, рухани азаттығы тақырыбындағы алғашқы модернисттік шығарма. 1937 жылы ақпанда Жапон империясы идеологиялық айыппен И Саңды тергеуге алады, кейіннен өкпе ауруы асқынған соң, уақытша босатылып, Токио ауруханасына түседі. Қаламгер өз шығармашылығының шыңына жете берген тұста небәрі 27 жасында ауырып көз жұмады. Санаулы ғұмырында саналы шығарма жазып, езгідегі ұлттың еңсесін көтеруге тырысқан суреткердің ғұмыры соңғы корей өмірден өткенше жалғаса бермек.
И Саң – Айна
Айна ішінде бір дыбыс жоқ,
Дәл мұншалық тыншыған жер бар әлемде жоқ, сірә.
Айна ішінде қос құлағым,
Өз-өзімді естімейді, ол бірақ.
Айна ішінде солақаймын,
Солақаймын, өз-өзіммен қол алысу білмейтін.
Сол айнаның кесірінен жанаса алмай өзіммен,
Айнасыз мен кездесе де алар ма екем, білмеймін.
Мен айнада болмасам да, айнадағы «Мен»
әрдайым айна ішінде тұр бұғып,
Білмесем де нақтысын, жатқандаймын
жалғыздықтың әлеміне жұтылып.
Айнадағы «Мен» мен Менің айырмамыз болғанмен
Ұқсастығы тағы бар.
Айнадағы «Менге» жылу көрсете алмай,
мендік жүрек қамығар.
이상 – 거울
거울 속에는 소리가 없소.
저렇게까지 조용한 세상은 참 없을 것이오.
거울 속에도 내게 귀가 있소.
내 말을 못 알아듣는 딱한 귀가 두 개나 있소.
거울 속의 나는 왼손잡이오.
내 악수를 받을 줄 모르는 악수를 모르는 왼손잡이오.
거울 때문에 나는 거울 속의 나를 만져보지를 못하는구료 마는
거울이 아니었던들 내가 어찌 거울 속의 나를 마난보기만이라도 했겠소.
나는 지금 거울을 안 가졌소 마는 거울 속에는 늘 거울 속의 내가 있소
잘은 모르지만 외로 된 사업에 골몰할께요.
거울 속의 나는 참 나와는 반대요 마는
또 꽤 닮았소.
나는 거울 속의 나를 근심하고 진찰할 수 없으니 퍽 섭섭하오.
Рубрика авторы және корей тілінен аударған Талғат ШАЙХЫҒАЛИ
6 желтоқсан, 2024 ж., Алматы

