Со Чжоң Чжу (1915 – 2000) – өткен ғасырдағы корей тарихының сан тараулы қатпарын өз басынан өткізген бірегей ақын. Чолла-Пукто аймағы, Кочхан уезінде қарапайым жұмысшы отбасында өмірге келген бозбала империялық отаршылдыққа қарсы шыққаны үшін Сеулдегі Чунаң жоғары мектебі мен Кочхондағы жоғары мектеп қабырғасынан оқудан шығарылады. Саяси шешімдерге еркін пікір білдіру арқылы тұтас жүйені өзгерту мүмкін еместігін түсінген соң, Манчжурия немесе Ресейге қоныс аударуды жоспарлайды. Алайда Сеулде қалуды жөн көріп, әдебиет майданына түсу үшін көп еңбектенеді. Сол кезгі әдеби буынның өкілдерінен Ким Доң Ри, Хам Хёң Су, И Саң сынды қаламгерлермен достаса бастайды. Алғашқы өлеңдер жинағы шыға бастаған 1940 жылдардың өзінде О Чжаң Хван, Ли Ён Акпен бірге корей әдебиетінің зор үміт күттірер талантына айналды. Кейіннен соғыс жылдары империяның жағында болды деп сынағандар да болды. Бар ғұмырында тұтас 15 өлеңдер жинағын шығарған ақын 85 жасқа қараған шағында өмірлік жары Паң Ок Суктың қазасынан кейін екі айдан соң, ауруханада көз жұмады. Өмірінің соңында Мемлекет тарапынан мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін «Алтын тәж» орденімен марапатталды.
Со Чжоң Чу – Шуақты күн
Көзді қарып сәулелі күн шуақты,
Барша жанды сағынамыз ең бір жақын кісідей!
Дала тегіс күз бейнеге оранды,
Жасыл түсті ештеңе жоқ, бәрі үйеңкі түсіндей.
Көсіліп бір қар жауса, келсе қайта көктемім,
Неден бастап, неден қоям, отырмын өзім түсінбей.
Мен өлсем де, сен өмір сүр, жарығым!
Ал сен өлсең, мендегі өмір – сезімі жоқ мүсіндей.
Көзді қарып сәулелі күн шуақты,
Барша жанды сағынамыз ең аяулы кісідей!
서정주 – 푸르른 날
눈이 부시게 푸르른 날은
그리운 사람을 그리워하자.
저기 저기 저, 가을 꽃 자리
초록이 지쳐 단풍 드는데
눈이 내리면 어이하리야
봄이 또 오면 어이하리야
내가 죽고서 네가 산다면!
네가 죽고서 내가 산다면?
눈이 부시게 푸르른 날은
그리운 사람을 그리워하자.
Рубрика авторы және корей тілінен
аударған Талғат ШАЙХЫҒАЛИ

