Осыдан тура 90 жыл бұрын корей поэзиясына жаңашыл леп әкелген ақын Пэк Соктың «Бұғы» атты алғашқы өлең жинағы жарық көрді. Жас күнінен әдеби майданда еңбектенген ақын өз қаражатына кітапты 100 дана етіп шығарды. Кітап қалың оқырманға жеткіліксіз болғандықтан қолдан-қолға алып көшіріп, іздеп жүріп оқыған корей жастарының арасында жиырмаға енді толған ақын Юн Доңжу да болды.
Пэк Ки Хэң, яғни Пэк Сок есімімен танымал ақын, аудармашы 1912 жылы солтүстіктегі Чоңжу аймағында қарапайым отбасыда өмірге келеді. Ақынның әдеби псевдониміне «Сок» (石) иероглифінің жалғануына жапон ақыны Исикава Такубокудың (石川啄木) ықпалы әсері етті. Жас күнінде үйренген жапон, ағылшын, неміс тілімен қатар кейіннен орыс тілін меңгеріп, Солтүстік Кореялық оқырманға орыс әдебиетін аударып ұсынды.
«Бұғы» – көлемі 72 бетті, мазмұны 33 өлеңді қамтыған жинақ. «Чаңмунса» баспасында тұсауы кесілген кітапта ақын осыған дейін газет беттерінде жарық көрген 7 өлеңіне бұрын жарияланбаған 26 өлеңін біріктіреді. Әдебиет сыншысы Пак Ёң Чоль дәл сол жылы Пэк Соктың шығармашылығы жайлы мақала жазады. Ақын қаламынан туған өлеңдердің ерекшелігін тілге тиек етіп, «Кең дала» өлеңіне арнайы тоқталады.
«Ерте көктемнің гүлі бүр ашып шексіз далада
Шағын рельсті теміржол қашырдай баяу қозғалады.
Алыстан теңіз көрінетін
Аялдар тұрағы да жоқ жазыққа
Пойыз тоқтап
Жап-жас екі келіншек шығады».
«Бұл бір қарапайым көрініс сияқты, бірақ ақын осы көріністі көз алдыңа тірідей суреттеп береді», – дейді сыншы өзінің мақаласында. Пэк Сок шығармашылығының маңыздылығы да сол – біз күнделікті елеусіз қалдырып жүрген өмірдің албырт сәттеріне жан бітіреді. Тағдырдың сан қилы тауқыметін тартып жүрген оқырман сол бір көріністерді көз алдына елестеткен сайын өмірдің өзін көргендей жаны тыным табады.
Кітаптың құны сол кезгі есеппен 2 вон деп бағаланды. Басқа танымал ақындардың көлемді жинақтары 1 вонға бағаланып жатқан тұста Пэк Соктың өлеңдер жинағы екі есе құнды әрі көлемі жағынан екі есе шағын болды. Бірақ соған қарамастан сұраныстың көп болуы – отарлық саясаттың корей тілін шектеу кезеңінде барынша тілдің көркемдігін сақтай отыра, қарапайым өмірді шынайы жеткізе білген Пэк Соктың шексіз талантына деген халықтың сүйіспеншілігі еді.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИТЕГІ

