15 тамыз – корей халқы үшін тарихи маңызды күн! Ширек ғасыр бойы қыл мойынға түскен отаршылдық қамытынан босап, сәулелі жарқын болашақтың қайта оралған күні. Айтулы мерекенің қарсаңында Алматы қаласында екі бірдей тарихи-танымды қойылым көрсетілді. Біріншісі – 16 тамыз күні генерал Хоң Бом Доның құрметіне арналған деректі фильм болса, екіншісі – 19 тамыз күні корейлердің Қиыр Шығыстан Орталық Азияға күштеп қоныс аудару тарихы жайындағы «№37 пойыз» спектаклі.
Хоң Бом До қолбасшы жайлы «Тәуелсіздік армиясы: Аяқталмаған соғыс» атты деректі фильм Мега Алматыдағы «Чаплин» кинотеатрында сағат 20:00-де басталды. Деректі фильмге дейін Мега маңына жиналған көрермендер Корей мәдениеті күнін тойлап, арнайы концерт, іс-шаралардың куәсі болды.
Корейлерді Қиыр Шығыстан күштеп қоныс аудару осыдан тура 88 жыл бұрын, 21 тамызда алғаш жүзеге асырылған болатын. Аталмыш оқиғаның тарихынан хабар беретін қойылымының премьерасы 14-15 тамызда Сеулдегі «Тэхакро Квад» театрында, 19 тамызда Алматыдағы корей театрында, 21 тамызда Ташкенттегі «Корей мәдениеті және өнер үйінде» сахналанды.
Аяқталмаған соғыс
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Корей империясының ендігі тағдыры өте күрделі еді. Шағын ғана корей жеріне көз тіккен жапон, қытай, тіпті Ресей сынды батыс империялары өз үстемдігін жүргізгісі келді. 1895 жылы жапон жендеттері Мин патшайымды өлтіргеннен кейін жағдай тіпті ушыға түседі. 1907 жылы «Ыйбёң» атты «Әділеттілік армиясы» құрылды. Оның құрамына қара халықтың қорғаушысы болған Хоң Бом До қолбасшы да кіреді.
1920 жылы Хоң Бом До қолбасшының отряды жапон әскерлеріне қарсы Поңодоң және Чонсанри шайқасында жеңіске жетеді. Алайда бұл ірі жеңістен соң да, Корея әлі азат емес еді. Ендігі бар күш-жігерді осы жолға арнаудың орнына Тәуелсіздік армиясының басшылығына таласқан кейбір әскерлер бір-біріне оқ жаудырады. Азаттық үшін күресте өмірлік жарынан, қос ұлынан айырылса да, қайыспай күрескен Хоң Бом До қолбасшы осы қанды оқиғадан кейін қатты есеңгіреп, жасы алпысқа таяған шақта мүлде шайқасқа шығуды доғарады.
Бар ғұмырын тәуелсіздік жолына арнаған қолбасшы Орта Азияға күштеп қоныс аударылған корейлермен бірге жаңа мекенге келеді. Ұзақ жылдар Қызылорда қаласындағы корей театрының күзетшісі қызметін атқарады. 1941 жылы драматург Тхай Дян Чун қолбасшының өз аузынан естігендерді қағаз бетіне түсіріп, «Хоң Бом До» атты спектакль жазып шығарады. Корей театрының қабырғасын күзету – корей ұлтын, тілін, мәдениетін күзетумен тең. Тар заманда ұлтының тілі үшін, жат жерде елінің азаттығы үшін күрескен театрдың майданы әлі де аяқталған жоқ.
Хоң Бом До (1868-1943) – корей тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға, өшпес ерлік пен шексіз рухтың көрсеткіші. 2021 жылы Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасының президентінің өзара келісімі бойынша репатриация жасалды. 80 жылға жуық уақыт өткен соң, даңқты қолбасшыға өз туған жерінен топырақ бұйырды.
№37 пойыз: Менің Отаным қайда?
Спектакль басы сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы корейлерді Орталық Азияға күштеп қоныстандыру кезеңінен басталады. «№37 пойыз» – мыңдаған корейлердің азапты, қилы сапарының, ақтық демі үзілген қариялар мен өмір есігін енді ашқан тағдырлардың тоғысқан жері. Тәуелсіздік армиясының жауынгері До Гюн, оның әйелі Сун Рэ және театр әртісі Ман Шик те осы тозақ пойызына мінгізіледі. Елең-алаң шақта оққа ұшқан До Гюнның өлімі екі түрлі ой қалдырады, бірі – белгісіз әскер қолынан болса, екіншісі – отанын сатқан Чун Гын Доктың қолынан қаза болуы мүмкін. Драматургтың көрерменге тастаған алғашқы жұмбағы осы болса керек.
Қазақстанға толықтай табан тіреген соң, Ман Шик өз есімін Георгий деп өзгертіп, корей театрында қызметін қайта жалғастырады. Ман Шиктің ұлы Виталий мен Сун Рэнің қызы Майя бір-бірін жақсы көреді. Алайда екі жастың арасына түскен Петр (Чун Гын Доктың ұлы) корейлерді соғысқа жіберуге болмайтындығына қарамастан құйтырқы айла ойлап тауып, Виталийді қан майданға жөнелтіп, сол жақта қаза табады.
Артында қалған жалғыз тұяқ, «жаңа өмірдің» лебі болған Анатолийді жалғыз өсірген Майя Отанының азаттық алғанын естіп шексіз қуанады. Алайда Майя пойызда дүниеге келген сәбилердің бірі, демек, оның Отаны – Қиыр Шығыс пен Қазақстанның нақ ортасы. Ал кейінгі буын үшін Атамекен – Қазақстан екені сөзсіз. Ал Майя сынды тағдыр теперішін көрген ұрпақтың Отаны қайда?
Тауқымет пен тарихи жады, махаббат пен айырылысу бір арнаға тоғысқан корей диаспорасының тағдырын суреттейтін әсерлі мюзикл осылай көрерменге ойланарлық сауалдар тастайды. Тарих – ата-баба ерлігімен мақтану үшін емес, өткен қателікті қайталамас үшін қажет. Сол себепті ауыр да азапты жолмен келген бейбіт күнімізден айырылмас үшін тарихтан сабақ алғанымыз жөн.
Талғат Шайхығали

