Менің корей тіліне қызығушылығым бала күнімнен басталды. Бала күніміз қарт Торғайдың сайын даласында алаңсыз, аласапырансыз тыныштықта өтті. Десе де ауыл балаларының қолдарына ағаш қылыш ұстап, мойындарына қарағайлы садақ асынып, аты жаман соғысты қарапайым ойын көруі – байырғы әдеті болатын. Сол «соғыста» Әбілмансұр сынды атасы «Абылайлап» шапқандардан гөрі Дамуль жасағының қолбасшысы «Жумоң» деп шапқандардың қарасы қалың. Бұның барлығы – «Жұмсақ күш» (Халлю) арқасында орын алды.
«Ханзада Жумоң» телесериалы арқылы сол уақыттардағы кез келген қазақ баласы Когурёнің қалай құрылғанын, тарыдай шашыраған ежелгі Чосон халқы мен Қытайдың Хан патшалығы арасындағы талай жылғы соғысты, Пэкченің қай кезде жеке ел болып бөлініп шыққанын қарапайым түрде ұғынып алған-тын. Кейін деректерді ақтара отыра, «Ханзада Жумоң» телесериалының Кореяда тарихи фактілерге өзгеріс енгізген телесериалдардың тізіміне енетіне көзім шалды. Бірақ базалық деңгейде корей тарихын әлем сахнасында дәл мұншалықты танымды етер телесериалдың қайта тууы ендігі де екіталай.
Мен де, менің қатарластарым да корей тарихи телесериалдарын көріп өсті. Бала күнгі армандарымның бірі – мұрагерлікті түсінде көретін, ебедейсіз, епсіз ханзададан қуаты жағынан корей тарихындағы ең ұлы патшалықтардың бірінің негізін қалаушы Жумоң патша жүріп өткен Кореяның таулы алқабын, жазығын, әсем табиғатын өз көзіммен көру болатын. Телесериал бүгінгі Корея Республикасының оңтүстік-шығысындағы Начжу атты шағын қалада түсірілген. «Ханзада Жумоң» телесериалында қолданылған тарихи терминдерді түсініп, кейіннен түпнұсқада қайтадан көргім келеді. Міне, менің корей тілін үйренуіме алғашқы себеп болған осы телесериал еді.
Одан бөлек мен үшін корей әндерінің орны ерекше. Ең алғаш BLACKPINK тобының «How you like that» әні жарыққа шыққан уақытта K-POP әлеміне алғаш қадам басқан болатынмын. Кейіннен BTS тобының «Сеуоль» кеме апатының (16 сәуір, 2014 жыл) құрбандарына арнап жазылған Spring day әнін естіп, өлең жолдарындағы мағыналық тереңдікке сүйсініп, одан әрі қызығушылығым оянды. Дәстүрлі әннің жарық жұлдызы Соң Со Хыйдың орындауындағы «Арираң» әнін тыңдаған сайын өзге әлемде күй кешкендей жаным бір тынығып қалады.
Менің корей әлеміне деген қызығушылығымды арттыра түскен тұлғалардың бірі – корей ақыны Юн Доң Жу. ХХ ғасыр басындағы корей әдебиетінің шоқтығы биік жұлдызы, қазақ әдебиетіндегі өзіміздің Мағжанмен пара-пар ақын. Аз ғұмырында қалдырған санаулы да сапалы туындыларының ішінде «Пролог» атты өлеңі өзіме қатты ұнайды.
«Кеудемде ән салған жұлдыздар,
Үзілген дүниенің барлығын сүйемін».
Адам бойындағы нәзіктік, ар-ұят сезімі, гуманистік көзқарастар Юн Доң Жу өлеңдерінен айқын менмұндалап тұрады. «Тургенев төбесі» деп аталатын өлеңіндегі үш қайыршы балаға қолындағы бағалы заттарын бергісі келіп тұрса да, іштегі ұят сезімі кернеп, өзін тежеп қалуы – ақын шығармашылығының негізгі бағыты ретінде түсіндіріледі.
Менің корей тілін үйренуіме толығымен қызығушылығымды оятқан дүние – әдеби аударма саласы. «Коре ильбо» газетінде басылатын «Корей әдебиеті: 12 ақын – 12 өлең» рубрикасы арқылы қазақ әдеби ортасына корей ақындарын таныстыру жобасы қолға алынды. Бұл тізімде өлеңдері орыс тілінде жеке кітап болып басылған Юн Доң Жудан бастап, есімі ТМД елдерінде өте сирек аталатын Ким Нам Чжоның өлеңдеріне дейін корей тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр.
2024 жылдың қазан айының оныншы жұлдызында «Әдебиет» саласы бойынша тұңғыш рет кореялық жазушы Нобель сыйлығын иеленді. Бұл – айтулы дата. 53 жасар жазушы Хан Гаңның бұл жеңісі – корей әдебиеті мен мәдениетіне қызығатын жандардың ортақ жеңісі. Жазушы өзінің «Вегетариан» романы арқылы ежелден таптаурын болып келген кейбір патриархалды құндылықтарға қарсы бұлқынысын көрсетеді. Бас кейіпкердің жиі түс көруі – шығыстық әдебиетке тән нәзік құбылыс. Бұл құбылыс «Абай жолының» бірінші томында да бар дүние. Роман 2025 жылдың соңына дейін қазақ тілінде жарық көретін болады.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ