Бүгінгі таңда әлі де Батыс пен Шығыс философиясын салыстыратындар табылады. Оған жауап ретінде аты мәшһүр ағылшын жазушысы Редьярд Киплиңше айтсақ, «Батыс әрқашанда Батыс, ал Шығыс әрқашанда Шығыс болып қала бермек». Екі түрлі мәдениетті салыстырып уақыт құртқанша, ортақ тұсын теңдей ұстай білуді үйренуіміз қажет.
Корей жазушысы И Саң өзінің «Құсқанаты» повесінде бүгінгі адамзатты ойландырар сұрақтардың бір топ шоғырын падук тасындай ойын үстеліне тастап жіберіп, ойлы шәкірттің өресін тексермекке ниеттенген ұлағатты ұстаздай оқырманға жол көрсетеді. Жаратылыстың бастау шегіне жете қоймаған санамыздың самарқау тартқан тұстарын жібітіуге тасталған бұл сұрақтардың жауабын сіз бен біз болып шешіп көрелік.
«Құдай мені мақтай да, жазалай да алмайтын сияқты».
Бұл автордың ішкі сезімін айна-қатесіз бейнелейтін үзінділер. Экзистенциялық философияның басты мәні осында. Адамның бұл өмірде жаралуына себепкер бір Құдай болған күннің өзінде де, оның жаралғаннан кейінгі бар тірлігіне Құдай араласа бермейді. Қандай жағдай болмасын, адам өзінің қиын жағдайдан өзі арқылы ғана шығатынын түсінуі қажет.
«Алға қадам басып, тағы да ойланып қарадым. Бұл аяқ енді қайда апарады…?».
Жазушы өмірде үлкен депрессияны басынан өткерген жан. Бірнеше рет өзіне-өзі қол жұмсауға әрекеттенген. Адамның өз-өзіне қол жұмсап, қысқа өмір сүргенінде тұрған ештеңе жоқ. Себебі, ұзақ өмір сүргендердің бәрін бақытты, мәнді өмір сүрді деуге келмейді. Қамшының сабындай ғана ғұмырда адам өзіне керектіні алып, өзгеге керектіні мұра қылып қалдырып кетсе жеткілікті. Міне, өмір философиясының мәні де осында жатыр.
«Ол мені білдіртпей өлтіруді ойлады ма екен?».
Шығармадағы бас кейіпкерге әйелі аспириннің орнына адалин деген ұйықтататын дәріні мөлшерден тыс көп береді. Ол оны өлімге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Себебі, ол күні-түні дәрінің әсерінен төсектен бас көтермей ұйықтайды. Ояу күндері мең-зең болып, әйелімен отырып сөйлесуге де уақыт арнамай, сыртта жүретін. Бір күні әйелінің бөлмесінен адалиннің көп мөлшерін тауып алып, оған деген көңілі суи бастайды.
«Мен тағы да өзіме сұрақ қойдым. Менің өмірде бар екенімді мойындау маған неліктен қиын?».
Адам баласы өмірге көкейдегі көп сұрақтың шешімін табу үшін келеді. Ең маңыздылары – адамның өмірде бар екендігін өзі сезінуі, өз өміріне өзі жауапкершілік ала білуі, жан-дүниесіне үңіле отырып, мән іздеп табуы. Өмірден мән тапқандар оны өмірлік миссия ретінде қабылдап, ақырғы демі шыққанша, өзінің мәніне адал болып өтеді. Жас өмірін келте қып, қоғамнан жырақ күн кешіп, өзіне-өзі қол жұмсағандар өмірдің мәнін таба алмағандар емес. Өмірлік мәнді әркім әртүрлі уақытта табады. Біреу оны ерте тапса, өмірден ерте кетеді, ал ендібіреу оны кеш тапса, ол өмірден кеш кетеді.
«Өмірде ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Шындығында, ешкіммен түсінісе алмау – аяғың сау бола тұра, бұл әлемде мәңгілік ақсап өтумен тең. Солай емес пе?».
Өмірде түсінісе алмаудан да ауыр дүние бар, ол – түсінісуге тырыспау. Саған ішкі жан сарайын ашып, бар арман-мұратын, мақсат-мүддесін түсіндіруге тырысып жатқан адамды елемеу – ол нағыз қасірет. Адамның тәнін жаралап, ұрып-соғуға болады, ал оның ішкі жан дүниесін тілгілеп, жаралы жүрегіне тұз сепкеннен гөрі оны тірідей көмген жеңілірек. Автордың өмірінде де, шығармашылығында да осы тәріздес оқиғалар өрбіп жатты. Автор өмірінің соңғы кезеңдерін мына бір жолдармен кестелеп, айқындап бергендей:
«Екі қолтығым кезек-кезек қышып барады. Иә, бұл менің жасанды қанаттарымның өскен орны. Бұл күнде менде қанат жоқ екенін білемін, бірақ, әу бастан-ақ, кіршіксіз үміт пен нәзік сенімнен пайда болған қиялым мені еркімнен тыс басқарып тұрғандай.
Жүруді тоқтатып, осылай айғайлап көргім келді:
«Қанаттар, қайтадан көтеріліңдер!
Ұшайық! Ұшайық! Ұшайық!
Қане, тағы да ұшайық!».
И Саң өзі өмір сүрген заманның, еркіндік үшін күрескен халықтың шынайы бейнесін осы бір шағын повесінде ашып көрсетуге тырысты. Оның өмірінің соңғы тұстары 1930-шы жылдардың аяғы тұспа-тұс келді. Бұл кез жапон отаршылдарының қысымынан корей халқының әбден шаршаған, қажыған кезі еді. Адамдар азап өмірден жалығып, азат болуды армандады. Бұл әлемнің ауырлығын бір сәтке ұмытып, еркін көкте қалықтауғысы келді. Сол үшінде құсқанаты – еркіндіктің символы.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ