Корей әдебиеті ХХ ғасыр басында сан түрлі бағытқа бөлінді. Атап айтқанда: ұлттық әдебиет, ағартушылық әдебиет, дәстүршілдік, модернистік және идеологиялық әдебиет болып топтасты. Осы бағыттардың алғы шебінде жүрген ақын, жазушы И Куаң Су (1892-1950) бастапқы кездері дәстүршіл әрі ұлттық бағытта қызмет еткенмен, кейіннен идеологиялық бағытқа ауысты. Қаламгердің 1944 жылы 1 қаңтарда «Мэиль Шинбо» газетінде жарияланған «Жаңа жыл» өлеңін қазақшалап, алдарыңызға ұсынып отырмыз.
Жаңа жыл келді!
Жер жүзі бұрын-соңды кездестірмеген ұлы Жаңа жыл! Азғындық атаулының тамұғы іспеттес ескі әлем құлдырап, адамгершілік пен ізеттілікке толы жаңа әлемнің іргетасы қаланатын Жаңа жыл! Тынық мұхит толқыны қайтадан тыным тауып, Азияның көк аспанында, қасиетті қара жерінде мәңгі өркендеудің мыңжылдық дауысы қуатты дабылдай қайта қағатын Жаңа жыл!
Қуан, халқым, шаттан бәрің, осы бір Жаңа жылды өз көзіммен қарсылап алғаныма шексіз шаттанамын! Әлем пайда болғаннан бері ұшырасқан ұлы Жаңа жылды әндету – менің бақ-таланым!
Жүз миллион менің бауырластарым, бұл Жаңа жыл – тағы да қажырлы еңбек пен адал маңдай терді талап ететін жыл!
Алқапта дихандар егінін қопсытады, бақшасын баптайды, жерін өңдейді; кеншілер жер астын қазады, керегінше қиратады, оны шығаруға күш салады; шеберлер зауытта темірден түйін түйеді, қызған кезде соққылайды; балықшылар теңізге тор салады, еппен аулайды, олжасын жағаға шығарады; қызу тірлікке араласқан ер мен әйел, еңкейген қарт, еңбектеген бала – жүз миллион жүректің тоқтаусыз төккен тері қуатты Отанымыздың жерін гүлдендірген кезде ғана даңқымыз асып, жеңіске жетеміз! Міне, оны – жүз миллиондық жауынгерлік мекен немесе әскери шепті күшейту деп атайды. Жарқыраған Жаңа жыл – бұл біздің ұлы Жаңа жыл!
Батыл да ержүрек ұлдарымыз қаруларын асынып, майданға аттанады, әсем де сұлу қыздарымыз жұмыс киімін киіп, зауытқа, егістікке шығады. Жылқы мен сиыр адамзат тілінде сөйлей алмаса да, ел мүддесіне қызмет етіп жүрген жоқ па?! Не үшін? Мыңжылдық бейбітшілік пен әділеттіліктің әлемін орнату үшін!
Біздің патшамыздың әмірін орындауға асыққан қауым: «Иә, жасасын!» деп үйінен шығады. Соллаль күнінде бүтін түбектегі үш мың ли жердегі қуаныш толқыны ұшан-теңіздей болады. Бұның бәрі – шексіз даңқ пен үмітке толы ұлы Жаңа жыл үшін!
Талғат ШАЙХЫҒАЛИТЕГІ

