Астана қаласындағы Корей мәдени орталығы шілде айының 22-25 аралығында корей тіліндегі кітаптарды ақысыз үлестірді. Тіл мен мәдениетке, әдебиет пен тарихқа құштар оқырман өзіне ұнаған бірнеше кітабын таңдап алды. Аталмыш шара корей тіліне қызығушылығы мол жандардың түпнұсқада кітап оқуына өз үлесін қосты. Біздің қолымызға тигені – Changbi (창각과 비평) әдеби баспасының 2016 жылғы жинақтары. Күзгі санында жарық көрген поэзия бөлімі ақын Чон Дэ Хо есімімен басталады. Қаламгер жайлы қысқаша анықтама берген соң, «Алтын арай» атты шағын өлеңін бірге жариялаған.
Чон Дэ Хо 1969 жылы Кёнгидо аймағында Сувон қаласында өмірге келген. 1993 жылы «Чосон Ильбо» газетінің жыл сайын өткізілетін жас әдебиетшілер байқауында өзінің дебютін алып, әдебиет әлеміне бет бұра бастады. «Орта ғасыр өміріне сағыныш», «Толғаныс» сынды бірнеше өлең жинақтары бар.
Чон Дэ Хо – Алтын арай
Түсімде де түсімнен тым жоғары,
Бейқам өткен менің бала күндерім.
Жалғыздық пен түнек іші теңселіп,
Тербелуде менің өткен күндерім.
Уақыттың тереңінен босап шыққан көзбенен
Еш бейнені ажырата, тани алмас көзбенен
Назар аудар бермен қарай.
Көне етік табанындай ашылған
Қып-қызыл сәулелі аспан
Шұғылалы алтын арай.
전대호 – 저 흥건한 노을
꿈속에서도 꿈보다 더 높이
널뛰던 어린 날부터
막막과 캄캄 사이를 오가는
낡은 흔들이의 하루까지
시간 속에 푹 잠긴 눈, 한 껏 풀려
형상을 알아볼 길 없는 눈으로
보라, 지금
네 밑창 뚫려
벌겋계 쏟아지는 하늘
저 흥건한 노을
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ

