24 қараша күні Алматы қаласында әкім Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Жиын барысында қаланың экономикалық дамуына ықпал ететін басым бағыттар мен стратегиялық маңызы бар жаңа жобалар қаралды. Кездесу мегаполистің инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіптік әлеуетті ұлғайтуға және инновацияларды енгізуге бағытталған тұрақты инвестициялық саясат қалыптастыру жолындағы маңызды қадамға айналды.
Қатысушылар назары ұзақ мерзімді даму қарқынына әсер ететін жобаларға ауды. Солардың бірі – қаланың көлік-логистикалық жүйесін жетілдіру, оның ішінде ГТС-2 жүк терминалын кеңейту. Бұл нысан болашақта аймақтық жүк ағындарын қайта бөлу орталығына айналып, Алматының логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар жаңа автобус паркін құру мәселесі талқыланды. Бұл бастама қалалық қоғамдық көлік сапасын жақсартып, жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экологиялық көлік инфрақұрылымы – электр автобустар мен электромобильдерге арналған қуаттандыру станцияларын, сондай-ақ газ толтыру станцияларын дамыту мәселелері күн тәртібіне енгізілді.
Энергетика саласына қатысты бастамалар да айрықша қызығушылық тудырды. Таныстырылған жобалар жылу электр станциясын салу және қалалық шағын энергетикалық нысандарды іске қосу жоспарларын қамтиды. Сайран ауданында қалалық ГЭС салу жөніндегі идея ерекше атап өтілді. Бұл жоба мегаполис ортасына технологиялық және экологиялық шешімдерді ұштастырған тың бастама ретінде танылды.
Өнеркәсіптік блокта жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және жаңа өндірістік алаңдарды іске қосу мәселелері қозғалды. Атап айтқанда, құрылыс секторын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи темірбетон бұйымдары зауытын салу жобасы ұсынылды. Сонымен бірге автокөлік саласындағы өндірістік тізбектерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін автокөлік орындықтарын шығару өндірісін кеңейту мәселесі талқыланды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект музейін құру жобасы ұсынылды. Бұл нысан білім беру бағдарламалары, зерттеу орталықтары мен технологиялық компаниялар шоғырланатын жаңа алаңға айнала алады.
Жиын қорытындысында қала әкімі тиісті басқармаларға әр жобаны терең талдап, оның орындалуын тұрақты бақылауды қамтамасыз етуді және инвесторлармен өзара байланысты күшейтуді тапсырды. Инвестициялық штабтың тұрақты негізде жұмыс істейтіні де ерекше атап өтілді. Бұл шешім қала билігіне туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге және жобаларды идеядан іске қосуға дейін жүйелі түрде сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
Отырыс Алматының нүктелік емес, жүйелі даму бағытын жалғастырып отырғанын айқын көрсетті. Ұсынылған жобалар мегаполистің елдің экономикалық орталығы ретіндегі орнын нығайтуға, технологиялық серпіліске, экологиялық көлік жүйесіне, энергетикалық тұрақтылыққа және өнеркәсіптік өсімге жағдай жасауға деген ұмтылысты айқын көрсетеді. Келесі кезең – талқылаудан іске көшу, ал бұл қаланың инвестициялық саясатының тиімділігін айқындайтын негізгі өлшем болмақ.
Дина ЛИ

