Alatau City аумағында корей мәдениетіне арналған K-Park салу жобасы жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Жоба Қазақстан корейлері қауымдастығының бастамасымен қолға алынып Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
K-Park жобасы Корея Республикасынан тыс жерде салынатын алғашқы корей мәдени-тақырыптық парк болмақ. Жобаны 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жоба дайындық кезеңінен өтіп, оның тұжырымдамалық, сәулеттік және инфрақұрылымдық бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Парк Alatau City қаласының Golden District аумағында орналасады. Бұл аймақтың Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасуы, туристік және инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, K-Park аумағы шамамен 10 гектарды құрайды, оның бір бөлігі жасыл аймақ болып бөлінсе, екінші бөлігі қоғамдық демалыс кеңістіктеріне бөлінеді.
Қазіргі кезеңде жобаның сәулеттік-жоспарлары мен инженерлік инфрақұрылымға қосылу мүмкіндіктері қарастырылуда. Сонымен қатар, парк аумағында орналастырылатын мәдени-көрме алаңдары, этнографиялық нысандар мен қоғамдық кеңістіктердің мазмұны айқындалуда. Бұл жұмыстарға қазақстандық және корейлік мамандар тартылған.
Жобаны іске асыру барысында экологиялық талаптарға басымдық берілуде. Көгалдандыру үлесін арттыру, жаяу жүргіншілерге ыңғайлы инфрақұрылым қалыптастыру және заманауи урбанистік шешімдерді қолдану көзделген. K-Park жобасы Alatau City қаласының ұзақмерзімді даму стратегиясымен өзара үйлестіріліп отыр.
Сонымен қатар, жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді. Парк іске қосылғаннан кейін қызмет көрсету, мәдени индустрия және туризм салаларында жаңа жұмыс орындары ашылады. K-Park Alatau City аумағына келетін ішкі және шетелдік туристер ағынын арттырып, шағын және орта бизнес нысандарының дамуына серпін бермек.
Жоба аясында Оңтүстік Кореяның бірқатар компанияларымен және мәдени ұйымдарымен ынтымақтастық орнату бағытында келіссөздер жүргізілуде. Инвестициялық әріптестікке басымдық беріліп, парк қызметін тұрақты дамытуға мүмкіндік беретін модельдер қарастырылуда. Болашақта түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен білім беру жобаларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
K-Park жобасы Alatau City қаласының мәдени инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруды көздейді. Сонымен қатар, бұл бастама тарихи жадыны сақтау, этносаралық келісімді нығайту және Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Айкерім АЙТМОЛДА
Фото: Tengrinews

