Тіл туралы заң 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданды. Арада 9 жыл өткеннен кейін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді. 2017 жылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қаулысымен атаулы мереке мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне 5 қыркүйекке ауыстырылды.
Еліміздегі ұлт пен ұлысты біріктіретін негізгі күштің бірі – тіл. Мызғымас беріктік пен достықты сақтап қалу үшін еліміз әрбір диаспораның тілі мен мәдениетіне көңіл бөледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасаймыз», – делінген. Жыл сайын аталып өтілетін Қазақстан халқы тілдері күнінің маңызы Бірлік күнімен пара-пар. Әр облыста, қала-аймақта арнайы іс-шаралар өткізіліп, әр ұлттың тіліндегі ән-шашу, би билеп, ұлттық тағамдар дастарханға қойылып, халық мәз-мәйрам күймен күздің алғашқы айын қуана қарсы алады.
Өзіндік үні бар әуезді тілдердің ішінде корей тілі ерекше орын алады. Әлем жұртшылығының назарын аударған корей тілі бүгінде қос мемлекетті есепке алғанда, ресми 80 миллионнан астам халықтың, жаһанның түкпір-түкпіріндегі 7 миллионға жуық корей диаспорасының тілі. Олардың ішінде 120 мыңнан аса корей Қазақстанда өмір сүреді. Корейлердің басым көбі шоғырланған Алматы қаласында ғасырға жуық тарихы бар Республикалық мемлекеттің академиялық корей театры, Корея Республикасы Елшілігінің білім беру орталығы, корей тілінде басылатын «Ханин Синмун», «Ханин Ильбо» және жүз жылдығы бар республикалық «Корё Ильбо» газеті жұмыс жасайды.
Ата-баба жолымен әлемнің сан тарапына таралған корей диаспорасын ортақ құндылығы – ғасыр сынынан өткен корей тілі. «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл», – дейді Мағжан Жұмабайұлы. Кешегі Кеңестік жүйенің зардабынан қазақтар да, корейлер де орыс тілінің ықпалына қатты ұшырады. Өз ана тілдеріне қарағанда орыс тілін қолайлы көретіндер пайда бола бастады. Алайда қазір бұл үрдістің азайғаны, әр ұлттың өз тілімен қоса мемлекеттік тілге деген құрметі артып келе жатқаны көңіл қуантады. Ендігі буын өз ана тілінде ойлана алатын, әлемді өзіндік ерекшелікпен қабылдай алатын ұрпақ болады деп сенеміз.
Заманауи қазақ-корей тілінің іргетасы
Сан ғасырлы тарихтың тауқыметін тартқан корейлердің өткені де, тілі де қазақпен тағдырлас. Бүгінгі корей жазуының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тәуелсіздік күрескері, ғалым Чжу Ши Гёң мен жоғарыда аталған ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолына шолу жасай отыра, қос тілдің тарихына көз жүгіртелік.
Чжу Ши Гёң
Заманауи корей жазуының атасы саналатын Чжу Ши Гёң 1876 жылы 22 желтоқсанда бүгінгі солтүстік өңірдегі Хванхэ-Пукто аймағында қарапайым отбасыда өмірге келеді. Елдегі тұрақсыздыққа қарамастан 1894 жылы Сеулдегі Пэчже академиясына оқуға түсіп, жаңа ғылымдарды игере бастайды. Бала күнінен қытай жазуымен білім алған ғалымның ойға алған арманы – корей жазба мәдениетіндегі қытай жазуының ықпалын азайту еді.
Ішкі істер министрлігінде хатшылық қызмет атқарғаннан кейін, 1907 жылы оқу министрлігі жанынан құрылған Ұлттық тіл зерттеу институтының (국문연구소) мүшесі болып тағайындалады. Осы жерде ол корей тілінің фонетикасы мен грамматикасын жүйелі түрде зерттеп, ұлттық тіл білімінің негізін қалайды. «Хангыль» атауын ресми түрде қалыптастырушы ретінде Чжу Ши Гёң есімі тарихта алтын әріптермен сақталды. Алғаш әліпби Сечжоң патша тұсында 1446 жылы пайда болса да, ұзақ уақыт «훈민정음» (хунминчоңым – «халықты дұрыстыққа жетелейтін дыбыс жүйесі») болып келді. Ел арасында «언문» (онмун – «қарапайым жазу») деп те қолданылған.
Корей тіл ғылымының болашағынан зор үміт күттірер ғалымы 1914 жылы небәрі 37 жасында кенет іш ауруынан көз жұмады. Мәйіті алғашында Сеулдегі Ынпён аймағына жерленгенмен, 1960 жылы Корей тілі қоғамының бастамасымен Намяңжу қаласына ауыстырылады. 1981 жылы 12 желтоқсанда Сеул ұлттық мемориалдық зиратына Тәуелсіздік батырларының қасына қайта жерленеді.
Ахмет Байтұрсынұлы
Бүгінгі қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысына қарасты Торғай өңірінде дүниеге келеді. Торғайдағы екі сыныптық қазақ-орыс мектебін бітірген соң, 1891 жылы Орынбор қаласындағы мұғалімдер дайындайтын училищеге оқуға түседі. Кейіннен ұстаздық қызмет атқарып жүріп, қазіргі қазақ тілінің жазу жүйесін жаңартуды қолға алады.
Революциядан кейін құрылған Алаш автономиялық республикасының ең беделді ғалымдарының бірі кейіннен Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы болып қызмет етеді. Қазақ тілінің грамматикасы – фонетика, морфология, синтаксисті біріктіріп, ұлттық тіл ғылымының негізін қалайды. Араб-парсы графикалы жазуды қазақ тіліне лайықтап, кітаптар басып шығарады. Осы бастамалардың арқасында тіліміздегі араб-парсы, кейіннен енген батыс тілдеріндегі сөздер де қазақ тілінің болмысына сай лайықталатын болды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы 8 желтоқсанда бір топ зиялылармен бірге Алматы қаласының маңында ату жазасына кесілді. Түр-түсі белгісіз бес мыңға жуық адаммен бірге Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылындағы бауырластар зиратында жерленуі мүмкін деген ауызша дерек бар. Көзінің тірісінде ұлттың келешегі үшін күрескен қайраткерімізге жеке топырақ тастай алмасақ та, адал еңбегіне қарыздар екенімізді ұмытпаймыз!
Тарихи шолу
Қиын кезеңде әрқашан тұлға қалыптасып шығады. Сондай бір заман тудырған тұлғалар Чжу Ши Гёң мен Ахмет Байтұрсынұлы – өз елінің шынайы жанашырлары. Жеткізер шегіне дейін тіл үшін күресіп, жаңа бастамаларды келешекке, бізге қалдырды. Ұлтарақтай шағын өлкеде тұратын 80 миллионнан астам корей жерінде тілдің жеке дара тәуелсіздігі бар. Ал ұлан-байтақ далада күнін көретін 20 миллион қазақтың мәселесі – тілдің толыққанды дербес болмауы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қаны бөлек, ата-бабасы бөлек бірнеше ұлттың бір тілде сөйлеуі арқылы ортақ мүдде қалыптасады. Қазақстан да ортақ құндылықтар негізінде дамитын мемлекет болса, корей тілі секілді әлем назарын өзіне аударатын бірегей жұмсақ күш, әлемдік өркениетке айналары сөзсіз. Сол үшін де қазақ-корейдің бірінен-бірі үйренері мол болғандықтан екі ел арасындағы рухани достықтың берік болуына тілекшіміз.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ

