Жыл сайын 3 қазанда корей халқы өзінің ең маңызды мерекелерінің бірін атап өтеді. «Мемлекеттің негізі қаланған күн» немесе «Аспан ашылған күн» (개천절 – кэчончжоль). Бұл мереке біздің дәуірімізге дейінгі 2333 жылы Корей түбегінде құрылған алғашқы мемлекеттің негізі қаланған күні ретінде атап өтіледі.
Аталмыш мереке ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Корей империясы тұсында 1909 жылы «ұлттық мереке» болып белгіленді. Бастапқыда Ай күнтізбесі бойынша 10-шы айдың үшінші күні тойланса, 1949 жылы Григориан күнтізбесі бойынша 3 қазанда тойлау туралы шешім қабылданды.
Мерекенің атап өтілу тарихы тым әріден басталады. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген Аспан әміршісі Хваниннің ұлы Хванун адамдар арасында өмір сүру үшін жерге түсіп, Синси (Құдай қаласы) құрылады. Кейіннен Хванун өзінің көмегімен аю кейпінен әйелге айналған Уңнёге үйленеді.
Осылайша тарихи мемлекеттің негізін қалаған Таңгун патша өмірге келеді. Кочосон немесе Ежелгі Чосон – бесмыңжылдық тарихы бар алғашқы корей мемлекеті. «Самгук Юса» бойынша ол б.з.б. 2333 жылы Тэдоңган және Ляохэ өзендерінің жағасында негізі қаланды деген деректер келтіріледі.
Мереке күні Кангхва-до аралындағы Мани тауының шыңындағы құрбандық үстелінде салтанатты шеру рәсімі өтеді. Аңыз бойынша, бұл құрбандық үстелін Таңгунның өзі көктегі әкесі мен атасына алғыс ретінде тұрғызған. Осылайша корей халқы өз тарихына, оның негізін салушы ата-баба аруағы мен мұрагерлеріне құрмет көрсетеді.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ

