1991 жылдың 6 қыркүйегінде алғаш болып КСРО құрамынан Литва сынды Балтық елдері, кейіннен Орта Азия елдері өз тәуелсіздігін қалыпқа келтіре бастады. Тек 8 желтоқсанда ғана Ресей, Беларусь пен Украина КСРО ның ыдырағанын ресми түрде мәлімдеді. Арада 8 күн өткеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Қазақстан – КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғы болып Тәуелсіздік туралы заң қабылдаған мемлекет. Бұл шешімді қабылдауға әсер еткен негізгі фактор – еліміздің экономикасының КСРО ның орталық жүйесімен тығыз байланысты болуы. Одан бөлек қаладағы қазақтардың үлесі, технологиялық салаларда қызмет етуші мамандардың аз болуы да – бұл үдерісті уақытша тежеді.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде алғаш АҚШ, кейіннен Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Корея Республикасы, Иран сынды мемлекеттер мойындады. 1992 жылы 30 қаңтарда Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына толыққанды мүше болды.
Тәуелсіздік күнінің тарихы – қасіретті. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Г. В. Колбин келгеннен кейін алаңға өз құқығын талап етуге шығып, бейбіт шеру ұйымдастырмақ ниетте қаза болған жастардың жанкештілігінен соң берілген – тарихи аманат. Сол себепті Тәуелсіздік күні мерекелік іс-шаралардан бөлек, осы жолда құрбан болған жастарды, ХХ ғасыр басында автономиялы мемлекет құрған Алаш зиялыларын, ХІХ ғасырда отаршылық езгіде тұяқ серпіп көз жұмған Кенесары сынды арғы-бергі тарихтың бәрін еске алып, жас ұрпақтың есінде ұзағынан қаларлықтай интеллектуалды сайыстарды көбірек ұйымдастырғанымыз жөн болар. Айтулы күннің қарсаңында еліміздің әр өңірінде қызмет етіп жүрген білімді, білікті жастардың Тәуелсіздік жайлы пікірін төменде келтіріп отырмыз.
Қасым Маханбетов, Астана қаласы, Достық білім беру мекемесінің мұғалімі: – Тәуелсіздік – тарихымызға қайта көз жүгіртіп, бүгініміз бен ертеңімізді саралау. Кім екенімізді еске түсіру, кім болатынымызды ойлану. Мақсатымызды айқындау, түзеу.
Мадияр Насыров, Семей қаласы, ҚХА мүшесі: – Мен үшін Тәуелсіздік күні – өткенге тағзым, бүгінге жауапкершілік, болашаққа сенім артатын қасиетті ұғым. Бүгінде бейбітшілігі мен тұрақтылығы берік, көпэтносты халқы бір мақсатқа жұмылған тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры биік болғай!
Сунейя Тойлыби, Алматы қаласы, Корей білім беру орталығының 4-ші деңгей оқушысы: –Мен үшін Тәуелсіздік күні – еліміздің тарихындағы ең маңызды әрі тағдырлы күн. Тәуелсіздік күнімен барша Қазақстан азаматтарын құттықтаймын! Еліміз аман, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Талғат ШАЙХЫҒАЛИ

