1919 жылы 21 қаңтарда император Кочжоңның өлімі – шектен тыс жер салығынан ашаршылық деңгейіне жеткен корей халқының наразылығын одан сайын өршітті. Көп ұзамай 8 ақпанда жазушы Ким Доң Ин бастаған Токиодағы корей студенттері Тәуелсіздік декларациясын жариялады. Кейіннен күллі Корей түбегін дүр сілкіндірген «Самиль Ундоң», яғни «1 наурыз қозғалысы» – ақын Хан Ёң Унмен бірге 33 қайраткер қол қойған Корей тәуелсіздігі декларациясы жариялағаннан соң бастауын алды.
Әдебиеттегі отарланған халық синдромы
Корей Тәуелсіздік күресі қайраткерлерінің бірі – жазушы, тарихшы, журналист Шин Чэ Хо (1880-1936). Қаламгер өзінің 1928 жылы жарық көрген «Айдаһарлар айқасы» атты повесінде империялық биліктің отар халыққа жасаған озбырлығын суреттей отыра, 1919 жылғы 1 наурыз қозғалысы кезіндегі корей халқының жағдайын астарлы түрде бейнелейді.
«...тіпті айтуға ауыз бармайтын қорқынышты жазалау тәсілдерін қолдана отырып, арнайы әскер шығарып әйелдердің ішін кескілеп өлтірсе де, бейкүнә балаларды тірідей жерге көмсе де, тұтас ауылдарды қырып-жойса да, астық қоймаларын өртесе де... бір-екі газет ашуға рұқсат беріп, «мәдени саясаттың игілігін көріңдер» десе, олар соған сенеді.
Мектептерді азайтып, жалпыға тиесілі білімге деген даңғыл жолды жауып тастаса да, ұлттың тілі мен әліппесіне тыйым салып, отансүйгіштік сезімді тұншықтырса да, өз елінің халқын көшіріп әкеліп, жергілікті халықты атамекенінен ығыстырса да, азаптау мен қырғын арқылы ұлтты жоюға дейін апарса да... «бір тіл, бір тектің бауырластығы» туралы айтса, тағы да олар оған сенеді.
«Мемлекет құру», «революция», «тәуелсіздік», «еркіндік» деген сөздерді ұмыттырып, оларды айтуға, жазуға тыйым салса да, болмашы бір автономия мен шектеулі сайлау құқығын береміз десе, олар соған алданып қалады».
1920 жылдардағы шынайы тұрмысты көрсеткен әдебиет
Ким Доң Ин, Хён Чжин Гон сынды бір топ жазушылардың шығармалары бүгінде 1 наурыз қозғалысынан кейінгі халықтың болмысы ретінде бағаланады. 1919 жылы ақпан-наурыз айларында «Қорғансыздың мұңы» әңгімесін жазғанда Ким Доң Ин небәрі 19 жаста еді. Өзінің алғашқы әңгімесіне бас кейіпкер етіп Элизабет есімін алуы – батыстық әдебиеттің ықпалымен теңдікке, еркіндікке деген ұмтылысы. Жастайынан жетім өскен бойжеткен Элизабет ауқатты К мырзаның үйіне бала оқытушысы болып жұмысқа кіреді. Алайда К мырза жас қыздың қорғансыздығын пайдаланып мәжбүрлі әрекетке күштеп, Элизабеттің аяғы ауыр болып қалады. Оның сотқа жүгінуі, бірақ сотта жеңілуі, кейіннен баласының түсіп қалуы, осынша қайғымен ары қарай жиырма жыл ғұмыр кешіп жақсылыққа қарай ұмтылуы – күллі әлем алдында өз тәуелсіздігі үшін декларация жазып, бірақ онысы сәтсіз аяқталып, тек жиырма жылдан кейін өз азаттығын қалпына келтірген корей халқының тағдырын алдын ала жорамалдаған туынды іспетті. Шығармашылық тұлғаның алдағы елу-жүз жылдықты бүгінгі өзгерістерге қарап жобалай алатыны кез келгенді таңқалдырмай қоймасы анық.
Хён Чжин Гон өзінің «Туған жер» (1926) атты әңгімесінде пойыз ішінде кездескен жанның тағдырын сол кезеңдегі корей халқының тағдырымен байланыстырады. Егістік салып, иемденіп отырған жерінен айырылған халық тоз-тоз болып көшіп, жұмыстың қандай түрі болса да, бір күнгі асы үшін өлместің кебін киеді. Пойыздағы кейіпкер қарсы алдындағы тағдыр тауқыметін ерте тартқан отандасының мұңлы жүзіне қарап отырып, «Мен оның көз жасынан қасіретке батқан Кореяның қайғылы бейнесін көргендей болдым» дейді. Жазушы шығарманың соңын қос кейіпкердің жақсылыққа үмітті сапарын сипаттай отыра, ауыр тағдырлы жолаушының бала кезгі өлең шумақтарын еске түсіруімен аяқтайды.
«Бір кездері егін еккен жерлер даңғыл жол болды,
Жарасымды сыр шертісер құрбы-дос түрмеге кетті.
Шылымын шеккен қариялар бүгінде қабірге кетті,
Әсем де сұлу қыздар ойын-сауық үйіне құл болды».
Бұл өлең жолдары – жапон отаршылдығы тұсындағы корей халқының тұрмысын бейнелейді. Шин Чэ Хо, Ким Доң Ин немесе Хён Чжин Гон болсын, бұл жазушылардың барлығы өз дәуірінің ащы шындығын көркем түрде кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Сөз еркіндігі шектелген тұста терең астармен елдің мұңын жырлау тек әдебиеттің ғана қолынан келетінін тарих бірнеше мәрте дәлелдеп келеді.
Талғат ШАЙХЫҒАЛИТЕГІ

