Қазақстан Ішкі істер министрлігінде 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы ішкі істер органдары жұмысының нәтижелері қаралды. Негізгі бағдар – құқықтық тәртіпті нығайтуға және қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған «Заң және тәртіп» қағидаты болып қала береді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, ведомствоның басты міндеті – құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету ғана емес, олардың алдын алудың тиімді әрі тұрақты жүйесін қалыптастыру.
Есепті кезеңде қылмыс деңгейі 9%-ға төмендеп, тіркелген құқық бұзушылықтар саны екі мыңнан астам фактіге қысқарды. Қылмыстың негізгі түрлері бойынша оң динамика сақталып, ашылу көрсеткіші артты. Сонымен қатар интернет-қылмыстар, оның ішінде онлайн-несие рәсімдеу және аккаунттарды бұзу фактілері де айтарлықтай азайды.
Әкімшілік тәжірибе саласында да ауқымды жұмыс атқарылды: 3,6 миллионнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Экологиялық бағытта жүздеген мың заң бұзушылық анықталып, мыңдаған заңсыз қоқыс орындары жойылды. Жол қауіпсіздігі бойынша үш миллионнан астам құқық бұзушылық тіркеліп, бұл ауыр жол-көлік оқиғаларының салдарын азайтуға мүмкіндік берді.
Алдағы кезеңдегі басым міндеттер қатарында – профилактикалық жұмысты күшейту, жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы цифрлық шешімдерді дамыту, сондай-ақ тергеу сапасын арттыру бар.
Жалпы алғанда, негізгі екпін өзгеріссіз қалады: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық тәртіп жүйесіне деген сенімін нығайту.

