Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері мұғалімдерге сабақтарды тиімді жоспарлауға және оқыту сапасын арттыруға көмектесетін AI-Lesson Study платформасын әзірледі.
Жоба AI-Sana бағдарламасы аясында Digital Lady технопаркінің базасында жүзеге асырылды. Жобаның ғылыми-әдістемелік жетекшілері – инженер-бағдарламашы Рамазан Байсұлтан және Lesson Study әдістемесі бойынша зерттеу жетекшісі Ләззат Рсалина.
Платформаның негізіне XIX ғасырда Жапонияда пайда болған Lesson Study әдістемесі алынған. Бұл тәсілде мұғалімдер сабақты бірлесіп жоспарлап, оқу үдерісін бақылап, кейін нәтижелерін талдап, оқыту әдістерін жетілдіреді. Бүгінде бұл тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Қазақстанда Lesson Study әдісі 2012 жылдан бері енгізіліп келеді.
AI-Lesson Study платформасы осы жұмысты цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Жүйе сабақ жоспарын әзірлеуге, бақылау нәтижелерін тіркеуге, жасанды интеллект көмегімен талдау жасауға және әріптестермен тәжірибе алмасуға жағдай жасайды. Сонымен қатар платформада жеке кабинет, әдістемелік материалдар қоры және кәсіби пікір алмасуға арналған форум бар.
Жоба авторларының айтуынша, бұл әзірлеме студенттерге жасанды интеллект негізіндегі білім беру технологияларын жасау бойынша тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта платформаны білім беру ұйымдарында сынақтан өткізіп, мектеп мұғалімдерінің тәжірибесіне енгізу жоспарланып отыр.

