Биыл мен ҚХА Төрағасының орынбасары болып тағайындалдым. Ең алдымен, Мемлекет басшысына, Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелеріне жоғары сенім артқандары үшін алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде ҚХА-ның рөлі артып келеді. Біз жаһандық оқиғалар аясында бейбітшілік, бірлік және келісімнің маңыздылығын көріп отырмыз. Бұл тек сөз ғана емес, кез келген мемлекеттің және қоғамның игілікті дамуының негізі екенін түсіндік. Қазіргі адамзат алдында тұрған қиындықтарды тек бірлікті сақтай отырып жеңуге болады.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзінің дамуында таңғажайып серпіліс жасады. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер еселеп өсті, елдің халықаралық беделі артты. Сонымен бірге, сыртқы факторлар мен ішкі өзгерістерді ескере отырып, еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басты. Қазіргі уақытта республикада ауқымды саяси реформалар жүргізілуде, қоғамда жаңа құндылықтар қалыптасуда. Осы орайда, ең басты міндеттердің бірі – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарады. Бұл бірегей институт арқылы көптеген жылдар бойы мемлекеттің этносаралық қатынастар саласындағы саясаты, тілдерді меңгеру, қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты тәрбиелеу және халықты біріктіру тиімді жүзеге асырылып келеді. Ассамблея мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл алаңы болып табылады. Оның басты нәтижесі – қазақстандықтардың біртұтас, ынтымақты халық ретінде өмір сүруі.
Бүгінгі таңда Ассамблеяның құрамы айтарлықтай артты. Бұл реформалардың әлеуметтік негізін кеңейтіп, азаматтық институттарды ҚХА-ның міндеттерін орындау үшін біріктіреді. Сондай-ақ бұл азаматтарға маңызды істерге қатысу, бірлік пен ынтымақ сезімін сыйлайды.
Осылайша, барлық этностардың өкілдері өз елінің мәселелерін шешуге, азаматтық қоғамды қалыптастыруға тікелей қатысуға, мемлекеттік секторда, Парламентте, жергілікті мәслихаттарда, экономика салаларында өкілдік етуге мүмкіндік алады. Ешкім этникалық немесе тілдік белгілері бойынша кемсітушілікке ұшырамайды. Біз қауіпсіздік жағдайында өмір сүріп, ортақ бай мәдениетімізді дамытып жатырмыз. Бәріміз туған Қазақстанымыздың игілігі үшін еңбек етудеміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қарамағындағы Қазақстан корейлері қауымдастығының мысалында этномәдени бірлестіктер бүгінде өте кең ауқымды міндеттерді шешетінін айта аламыз. ҚКҚ өзін тек ұлттық мәдениетті, дәстүрлерді, тілді сақтау мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйым ретінде ғана емес, сонымен қатар жалпымемлекеттік процестерге белсенді қатысушы ретінде де көрсетуде. ҚХА арқылы этномәдени бірлестіктердің әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылы жүзеге асырылып, халықаралық байланыстар нығаюда. Ассамблея Қазақстанның этникалық алуан түрлілігін ескере отырып, маңызды мәселелерді көрсететін қоғамдық индикатор ретінде қызмет атқарады.
Қазіргі заман ҚХА-ның рөлін одан әрі нығайту, қолда бар ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетуде.
2025 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы! Республика бойынша бейбітшілікті, бірлікті және тұрақтылықты сақтауға бағытталған ауқымды іс-шаралар мен жобалар жоспарланған. Біз олардың бәріне қатысамыз. Алда әлі де көптеген жаңа міндеттер тұр. Уақыт көрсеткендей, бастысы – алға қойылған мақсаттарға бірге, бірлесе ұмтылу. Сонда бізді міндетті түрде табыс күтетіні анық.
Юрий ШИН,
ҚХА Төрағасының қоғамдық орынбасары,
Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы